Кернеудің кенеттен өзгеруінен электр құралдар «күйіп кетті». Оған кім жауапты болады?
Tengrinews.kz ресми сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, қазан айының соңында Астанада ауқымды блэкаут болды. Электр энергияны беру қалпына келтірілгеннен кейін кейбір қала тұрғындары жанып кеткен шамдар, электр құрылғылары, кейде тіпті үйге ортақ құрылғылар түріндегі жағымсыз «тосын сыйға» тап болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
WhatsApp редакциялық нөміріне елордалық тұрғын үй кешені тұрғындары атынан хабарлама келіп түсті. Хабарламада айтылғандай, кернеу өзгерістерінен жертөледегі бірнеше сорғы істен шыққан.
«Жабдықтың әрқайсысы 1,5 миллион теңге тұрады. Біздің үйде сегіз кіреберістің екі сорғысы істен шықты. Оларды жөндеуге болатын шығар, қазір ПИК бағаларды қарастырып, осы мәселемен айналысып жатыр. Бұл апат кезіндегі, жарықтың өшуі алдындағы кернеу өзгерістерінен болғаны анық. «Қорқынышты фильмдердегі» музыкаға салынған, үйлердегі жыпылықтаған шамдардың видеосы біздің ауданда түсірілді», - деп жазды қала тұрғындары.
Астана қаласы адвокаттар алқасының адвокаты Ринат Шарлездің түсіндіруінше, тұтынушы энергия өндіруші, энергия беруші және энергиямен жабдықтаушы ұйымдардан электр энергиясын толық жеткізбеу немесе сапасыз жеткізу салдарынан келтірілген нақты залалды өтеуді талап етуге құқылы. Электр энергиясын сатушы өз кезегінде келтірілген нақты залалды толығымен өтеуге міндетті. Бұл тармақ талаптары ҚР Энергетика министрінің 2017 жылғы 23 қазандағы №356 бұйрығымен анықталған Электрмен жабдықтаудың үлгілік шарттарында жазылған. Сонымен қатар, электр энергиясын тұтынушы мен электрмен жабдықтаушы ұйым арасындағы құқықтық қатынастар Азаматтық кодекспен, «Электр энергетикасы туралы» Заңмен және басқа да нормативтік актілермен реттеледі.
«Тұтынушы түпкі энергиямен жабдықтаушы ұйыммен шарттық қарым-қатынаста болғандықтан, барлық шағымдар шарттың тарабы (сатушы) ретінде осы ұйымның атына берілуі керек», - деп атап өтті адвокат.
Кернеу өзгеруі мен жабдық пен тұрмыстық техниканың істен шығуы орын алған жағдайда, заңгер тұтынушыларға келесі іс-әрекеттерді орындауға кеңес береді:
- телефон, электрондық пошта немесе әлеуметтік желілердегі басқа тұлғалар арқылы энергиямен жабдықтаушы ұйымға кернеудің кенеттен өзгеруі туралы дереу хабарлау;
- энергиямен жабдықтаушы ұйымның авариялық бригадасын шақыртып, желідегі кернеудің өлшемін жүргізіп, тиісті акт жасауды талап ету. Сонымен бірге, бұл әрекеттерді, оның ішінде, өтінімді орындаудан бас тарту болған жағдайда, оны видеоға түсіріп алу керек;
- егер сізде индикатор болса, желідегі кернеуді өз бетінше өлшеп, бұл іс-әрекетті өлшеу күнін, уақытын және орнын көрсететін үздіксіз видео түсіріңіз;
- оқиға туралы жалпы үйлік чатына хабарлау, көршілердің мүлігіне келтірілген зиян туралы ақпарат жинау;
- ерікті нысандағы куәгерлердің қатысуымен (мүмкіндігінше, көршілер, ПИК өкілдері немесе басқарушы компания) жазбаша акт жасау, бұл актіде кернеудің өзгеруі орын алған мекенжайды, уақытты, мән-жайды егжей-тегжейлі, электр құралдарының маркасы, атауы, түсі, саны, сондай-ақ сериялық нөмірлері көрсетілген, зақымдалған электр құралдарын көрсетіңіз;
- қызмет көрсету орталығына хабарласып, зақымдалған электр құрылғысының істен шығу себептері, сондай-ақ оны жөндеу мүмкіндігі туралы маманның қорытындысын (техникалық тексеру актісі) және жөндеу мен бөлшектерді ауыстыру құны көрсетілген шотты алу;
- энергиямен жабдықтаушы ұйымға (сатушыға) сотқа дейінгі талап-арыз жіберу;
- сотқа дейінгі талап-арызды қанағаттандырудан бас тартылса немесе ол еленбеген болса, онда энергиямен жабдықтаушы ұйымның (сатушының) орналасқан жері бойынша сотқа жүгіну.