Тоқаев: Қазақстанға энергетикадағы озық жобалар қажет
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев XV Еуразиялық энергетикалық форумда энергетика саласындағы негізгі сын-қатерлер мен перспективаларды атап өтті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 4 қазанда өткен XV KAZENERGY Еуразиялық форумының қатысушыларына жолдаған құттықтау сөзінде қазіргі жаһандық энергетика маңызды климаттық және геосаяси қиындықтарға тап болып отырғанын атап өтті. Бұл энергетикалық қауіпсіздіктің, тұрақты энергия жеткізу тізбегінің маңыздылығын, сондай-ақ «жасыл» технологияларды қолдану қажеттілігін көрсетеді.
«Біздің алдымызда тұрған міндет - серпінді жобаларды, оның ішінде мұнай мен газды терең өңдеу саласындағы жобаларды іске асыру арқылы қосылған құны жоғары кластерлерді құру. Еліміз таза және жаңартылатын энергия көздеріне инвестициялар тарту үшін қолайлы жағдайлар жасады және 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын қабылдады. 2030 жылға қарай елдің энергия теңгеріміндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесі кемінде 15 пайызды құрауы тиіс».
Қасым-Жомарт Тоқаев
Президент Қазақстан экспорттық бағыттарды, сондай-ақ қажетті көліктік-логистикалық инфрақұрылымды белсенді дамыта отырып, әлемдік нарыққа энергия ресурстарын сенімді жеткізуші ретінде өзін танытқанын атап өтті. Отын-энергетика кешені еліміздің үдемелі ілгерілеуінің басты қозғаушы күштерінің бірі саналады. Сала ауқымды шетелдік инвестициялар мен жаңа технологияларды тартады. Сонымен бірге, Қазақстан экономиканы әртараптандыруға ерекше назар аударады.
20 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы аясындағы Жалпы дебатта сөйлеген сөзінде климаттың өзгеруіне қарсы шұғыл әрекет ету қажеттілігін клишеге айналдыруға болмайтынын атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, «жасыл» жұмыс орындарын құруға инвестицияларды қоса алғанда, БҰҰ айқындаған климаттың өзгерісімен күрес жөніндегі оң шараларға назар аудару, сондай-ақ қазба отындарын пайдалануды субсидиялауды тоқтату қажет.