АЭС құрылысына қанша қаражат керек
АСТАНА. ҚазАқпарат – АЭС салуға қанша қаражат қажет болатыны тиісті технологияны таңдағаннан кейін нақты анықталады. Бұл туралы Энергетика министрлігі Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Ғани Әлиұлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазір энергия қауіпсіздігін қамтамасыз ету елімізде басты міндеттердің бірі саналады. Елімізде электр энергиясына сұраныстың артуы, көміртегі бейтараптығына көшуді ескере отырып, бізге экологиялық таза энергия көзі керек. Энергетикалық қауіпсіздікті газ, жаңартылатын энергия көзі арқылы қамтамасыз етуге болады, бірақ АЭС салу мәселесі де қарастырылып жатыр. Атом электр станциясы біраз уақыт бойы тұрақты энергия беруге қауқарлы», - деді Ғ. Әлиұлы.
Осы орайда ол атом энергиясы «жасыл энергияға» жататынын еске салды. Қуаты 1 мың МВт электр станциясының бір блогы елімізде жылына 4 млн тоннаға дейін көміртекті зиянды заттарды азайтуға ықпал ете алады.
«Елімізде газ ресурстарының шектеулі болуына байланысты электр энергиясын газ генерациясымен толық қамтамасыз ете алмаймыз. Жаңартылған энергия көздері де экология жағынан таза болуына қарамастан, табиғи-климаттық факторға тәуелді. Яғни тұрақты энергия көзі бола алмайды. Атап айтқанда, атом энергетикасы елімізде ғылымның дамуына ықпал етеді деп санаймын. Сондықтан АЭС салу - еліміздегі тозығы жеткен дәстүрлі энергия көздерін алмастыруға бағытталған перспективалы шешім», - деді департамент өкілі.
Оның айтуынша, АЭС салуға қатысты елімізде тиісті шешім жасалса, онда екі блоктан тұратын нысанның құрылысына шамамен 10-12 жыл уақыт керек.
«Әлемдегі тәжірибеге қарасақ, екі энергия блогынан тұратын станция салуға шамамен 12 млрд АҚШ доллары керек. Жалпы, бұл бағыттағы шығындар тиісті технологияны таңдап, жобалау-сметалық құжаттарды әзірлегеннен кейін нақты анықталады», - деді Ғани Әлиұлы.
Оның сөзіне қарағанда, қазір Энергетика министрлігі салалық ұйымдармен бірлесе 4 елдің ядролық технологияларын зерттеп жатыр. Осы орайда салалық компаниялармен келісөздер жалғасып жатыр.
«Бұл тұрғыда әр елдің озық технологияларын таңдау арқылы консорциум мәселесін де пысықтап жатырмыз», - деді маман.
Бұған дейін хабарланғандай, атом электр станциясы құрылысының ең қолайлы ауданы ретінде Алматы облысы, Жамбыл ауданы Үлкен ауылының аумағы таңдалды.
Дереккөз: https://www.inform.kz/kz/aes-kurylysyna-kansha-karazhat-kerek_a4102278